Ауыл

Күзгі шаруа

Ала жаздайғы аптап ыстық аз-ақ күнде шегініп, қыркүйектің кешкі салқыны мезгіл өзгеретіндігін сездіре бастады. Сонымен, күз де келді. Бұл енді «балапанды санайтын уақыт».

Не шаруа тындырылды? Ауыл тірлігі не болып жатыр? Қыр астындағы қысқа әзірліктің шамасы қандай?

Осы сауалдар төңірегінде, сондай-ақ күзгі шаруа қарекеті төңірегінде іс басында жүрген мамандарды аз-кем сұхбатқа тартқанбыз.

Біздің байқағанымыз, қалай болғанда да басқа жаққа алаңдап, немесе өзгеден көмек күтіп, күнделікті тірлігіне тұсау салып тұрғандар бүгінгі күні жоқтың қасы. Кім болса да өзі күшіне сенеді.

Бір кездері жаппай егін салып, күзге қарай қамба толтыруды оңай әдет қыла бастаған қалың кәсіпкерлер бүгінде басқа тірлікке қарай ауысуға қарады. Егер осы қалып сақталса, алқаптың айналасында алтын дәннің қадірін білетін нағыз жер емген диқандар ғана қалатын түрі бар. Дұрысы да сол болса керек. Өйткені, жер қадірін білген адам ғана қолына кетпен-күрегін ұстауы қажет. Сонда ғана табиғаттың бауыры иіп, барын береді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік бөлімінің бастығы Жалтума Рахметов аудандарда жиі болып, шаруа адамдары ортасында жиі болатындығын айтады. Ол жақын маңда ғана Қарғалы ауданындағы «Алма» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты. «Ауа райының қиындығын сезініп отырған шаруа адамдары егіннің өнімі өте аз болғандығына қынжылулы. Өзіміз де жағдайды күнделікті көріп-біліп отырмыз, сондықтан алдағы атқарылар жұмыстар ауқымына қатысты пікірлестік, өз тарапымыздан болжамдарымызды білдірдік», — дейді ол. Маманның айтуына қарағанда күннің шамадан тыс ыстық болуы картоп, көкөністің пісіп-жетілуіне де өзіндік  әсерін тигізген. Мәселен, көптеген жерлерде картоптың сабағы жақсы шыққан да, түйнектері кішкентай күйінде қалған.

Қыркүйек келгенімен жаз бойы жүрген науқандық жұмыстарды тездетіп доғарып, аяқ асты тиянақтап тастаудың реті жоқтығы байқалады. Қайта сол қарқынды төмендетпестен, оны жалғастыра беру қажеттігі туралы әңгімелер жиі қозғалуда.

Қазіргі уақытта мал азығын дайындау барысы төмендей қойған жоқ. Облыс бойынша оның әзірлік көрсеткіші 110 пайыздан асты. Ал Мәртөк, Қобда, Хромтау аудандарында бұдан он пайыздай шамасына жоғары болып отыр. Байғанин, Темір аудандарында да қысқа дайындық барысы жаман емес.

Егін егетін аудандар биыл «тәуекел түбі — желқайық» бола бермейтінін тағы да бір мәрте айқын сезінді. Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау өңірлерінде ғана алқапқа комбайн шығарылғанымен, олар да әйтеуір «жоқтан жақсының» кебін құшты.

Биылғы егіс ахуалы диқандарды көп ойға салды. Олардың көпшілігі «алдағы уақытта егіс салу керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде түпкілікті ойлана бастады. Ақтөбеге жаз айында Премьер-министр Кәрім Мәсімов келген кезде де осы мәселе көтерілген болатын.

Бұған байланысты Жалтума Рахметов те «Алдағы уақытта егіс алқаптарын ықшамдау туралы болжамдар жасалуда. Өйткені, ылғи да бас-көз жоқ тәуекелге бара беру еш пайда бермейді. Оның орнына егіншілікпен айналысу перспективасы жоқ деген өңірлерде мал шаруашылығын өрістеткен дұрыс болар» деген ойын жасырмады.

Қалай дегенде де облыста мал басын азайтуға жол берілмейтіндігі басы ашық шаруа болып отыр. Мал азығын дайындау барысындағы облыс әкімі тарапынан жасалған жеңілдіктер мен көмектер осы бағыттағы оңтайлы бір шара ретінде танылуда.

Біз жедел түрде аудандарға хабар салып, күзгі шаруа реттерімен танысқымыз келген. Енді жергілікті жерлерде атқарылып жатқан жұмыстар барысына назар аударалық.

Шмит Өтеуов, Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

— Бізде негізінен бірыңғай егіншілік және мал шаруашылығы жұмыстарымен шұғылданатындықтан, бұрыннан қалыптасқан дағды, қалып бойынша тірліктер жасап жатырмыз.

Қазір егін орағы аяқталды. 71 мың гектар алқаптың егінін жинап, әр гектардан 3 центнерден өнім алынды. Бұрындары бұндай өнімділік 10 центнердің үстіне шығып кететінін ескерсек, ендігі шамасын қарапайым жұртшылық та бағамдай алатын шығар. 100 мың гектар алқап өнім жинауға жарақсыз болып қалды, яғни егіс күйіп кетті.

Міне, шаруаның осындай күйіне өзімізде, яғни мамандар болып талдау жасадық. Әрине, басты себеп қуаңшылық дегенмен, басқа да өлшемдерді, алдағы уақытта, келер жылы ескерілуі қажет дегендей жағдайларды ойластырудамыз.

Біздің аудан облыстағы астықты аймақ саналатындықтан, өзіндік ерекшеліктері бар. Соны ескеріп, алдағы жылы егіс көлемін биылғыдан кемітпеуді қарастырып отырмыз.

Мал басын осы деңгейден азайтпаймыз. Өйткені, оны кемітпеудің мүмкіндіктерін жасап алдық. Алдағы қысқа қажетті мал азығы 110 пайызға дайындалды. Күздің осы қолайлы күндерін пайдаланып, бұдан да көбейтудің қамын жасаудамыз.

Қолдарында малдары бар аудан орталығының тұрғындары да шөппен қамтамасыз етіліп болып қалды. Мұнда әр бума шөп 150-200 теңгеден сатылып жатыр.

Жемнен ешқандай проблема жоқ деуге болады. Жеке қожалықтар, шаруалар қажетті жемін элеватордан дайын тұрған өнімнен ала алады. Қазірдің өзінде келісім-шарттар жасалып, бұл шаруа да оңтайлы шешілуде.

Біздегі күзгі шаруаның қазіргі реттері осындай.

Ермек Бекмағанбетов, Шалқар аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

— Негізгі шаруамыз мал өсіру болғандықтан, біздегі бүкіл тірлік осы төңіректе топтастырылған деп айтуға болады. Қазір ауданда 57 мың шартты мал басы бар деп есептеледі. Соған қажеттілікті есептеп қысқа 142 мың тонна шөп дайындауды жоспарлағанбыз, бұл меже артығымен орындалды. Облыс басшысының үндеуін жергілікті тұрғындар жақсы түсінді, сондай-ақ атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан қаржылай көмек, материалдық ынталандырулар көп көмегін тигізді, қолға алынған шаруалар сенімді түрде атқарылды.

Қыс аяғы созылып кететінін әр жылдарда көріп жүрміз. Соны ескеріп, әрі қапысыз болу үшін біз барлығы 171 мың тонна шөп дайындауды межеледік. Қыркүйек айында бұл жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Шетырғыз өңіріндегі «Сәлекен» шаруа қожалығы, Дамбардағы «Ақжол», Кішіқұмдағы «Авань», «Қасым» шаруа қожалықтары өздеріне қажетті мал азығын артығымен, мол мөлшерде әзірлеп алды.

Ауылдарда мал азығынан проблема болмайды деп айтуға негіз бар. Ал аудан орталығында қазір шөптің тайланған бумасы 130-140 теңгеден сатылуда.

Сөз басында айтқанымдай, негізгі тірлігі мал бағу болып саналатын өңірде оның санын азайтуға ешқандай негіз немесе сылтау болмауы тиіс. Жеке қожалықтардың өзі бүгінгі күні қолындағы бір малын екеу етуді көздеуде.

… Біз хабарласқан Қарғалы, Ырғыз, Байғанин өңірлерінде де осындай тірліктер атқарылып жатқаны мәлім болды.

Күзгі жәрмеңкелер жаңаша сапамен тұтынушыларды тарта бастады. Мәселен, Алға қаласындағы «Назран» сауда орталығында өткен жексенбідегі жәрмеңкеде 1180 кг сиыр еті, сонымен қатар мол мөлшерде қой еті, 110 килограм шошқа еті саудаға шығарылған. «Алик», «Альбина», «Құлагер», «Бағдат» шаруа қожалықтары сиыр етін 600-650 теңге шамасында ұсынса, жекелер де осы шамадан аса алмай, бағаны тұрақты ұстаған. Қарағаштық кәсіпкерлер Алға тұрғындарын сүт, жұмыртқа өнімдерімен қамтамасыз етті. Елтай Өсербаев басқаратын «Өсербай» шаруа қожалығы екі тоннадан астам көкөніс, бақша дақылдарын саудаға салып, қызылшаны 80-100 теңгеден, қырыққабатты 40, қарбызды 30 теңгеден сатты. Владимир Кимнің «Сарыөзек» шаруа қожалығы, «Семья», «Алға-Ескендір» қожалықтары да мол өніммен жәрмеңке ортасынан табылды.

Атап өтерлік жайт, осындай көріністер басқа да аудандарда байқалады. Демек, барды базарлау деген осы болса керек.

Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысындағы құрғақшылыққа байланысты Ақтөбеде өткізілген кеңесте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов  Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевқа шаруаларды қолдау жөніндегі жедел шаралары жоспарын бір апта ішінде жасау туралы тапсырма берді. Сонымен қатар,  жемшөптің жоқтығынан асыл тұқымды малдарды пышаққа жіберуге жол беруге болмайды деп атап көрсетілгені мәлім. Күзгі шаруаның сапалы атқарылуы көп мәселенің түйінін шешеді. Малдың қоң жиятын кезі де осы. Нақ осы тұста қора-қопсысын келістіріп жөндеп, жем-шөбін мол дайындап алған шаруа қыстан қысылмасы анық.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button